Ұстаздықты ұлықтау
20.10.2015Ұстаздықты ұлықтау
2015 жылдың 18 қыркүйек күні Астана қаласы Білім басқармасы мен Білім қызметкерлерінің «Әділет» кәсіподақ ұйымының бастамасымен Ұстаздар әулетін құрметтеуге арналған іс-шара өтті. Аталған шараға қала мектептерінен отандық білім саласына еңбегі сіңген, ұстаздықты жалғастырып жүрген 6 ұстаздар әулеті қатысты. Жыл сайын дәстүрге айналған шараға Астана қаласы №49 орта мектебінен директордың ғылыми-әдістемелік істер жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Лекерова Бақытгүл Жұмағазықызы да қатысып, ұстаздық отбасылық дәстүрдің қыр-сырлары мен ерекшеліктерін таныстырып өтті. Шара соңында қатысушыларға Астана қаласы Білім басқармасының грамоталары мен кәсіподақ ұйымының атынан бағалы сыйлықтар табысталды.
Лекеров ұстаздар әулеті жайлы төменгі мақаладан таныса аласыздар...
Ұстаздық – отбасылық дәстүр
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп халық даналығы айтқандай, мен үшін ұстаздық адамзат қоғамын алға жетелеп, болашақтың іргетасын қалайтын мамандық. Елбасымыздың «Ел болашағы жас ұрпақ қолында, ал жас ұрпақ тағдыры ұстаздар қолында» деген даналы сөзі мұның айғағы. Егемен еліміздің өсіп-өркендеуі, дамыған бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуі білімді де білікті ұрпақ еншісінде. Сондықтан, ел экономикасын арттыруда шәкіртінің бойына білім нәрін ұялататын ұстаздың да атқаратын өзіндікрөлі зор.
Ұстаздық кәсіп үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен, бұл мамандықты таңдаған адамның білікті де білімді, кәсіби құзыретті, жан-жақты хабардар, ең бастысы шәкірт жүрегіне жол таба білетін тұлға болуы тиіс. Лекеровтар отбасы бүкіл өмірін ұстаздық мамандыққа арнаған әулет. Лекеровтар әулетінің педагогикалық еңбек жолындағы жалпы өтілі – 102 жыл. Әкем Лекеров Жұмағазы Баяхметұлы мен анам Сағындықова Сәлиман Омарбекқызы бүкіл еңбек жолын Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлы кемеңгер тұлғалар шыққан Шығыс өңірінің білім саласының өркендеуіне арнаған.
Лекеров Жумағазы Баяхметұлы 1982 жылы Крупская атындағы Семей педагогикалық институтын тәмамдап, дене тәрбиесі мен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі ретінде туған ауылында еңбекке араласты. Педагогикалық еңбек өтілі 40 жылды құрайды. Оның ұстаздық еңбегі алуан түрлі медальдармен, грамоталар, алғыс хаттармен бағаланған. Атап айтқанда, 2014 жылы «Қарулы Күштер ардагерлері» Орталық Кеңесі Президиумының шешіміне сәйкес «Армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов» медаліне, әрі облыстық, аудандық деңгейдегі Қорғаныс істер басқармасы, өңірлік штаб, әкімдік, кәсіподақ тарапынан бірнеше мәрте марапаттарға ие болған. Бүгінде оны жерлестері педагогикалық еңбек жолында жас ұрпақ бойына салауатты, патриоттық рухты қалыптастырушы еңбек ардагері ретінде таниды.
Анам Сағындықова Сәлиман Омарбекқызы 1978 жылы Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтын «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек майданына белсене араласты. Анам ерте кезінен кітап оқуды өзіне ермек қылған. Нәтижесінде балалық шағынан білімге деген құштарлығы артып, мұғалім болуды армандаған. Өмірінің 36 жылын мұғалімдікке арнаған анам 12 жыл оқу-тәрбие орынбасары қызметін атқарған. Балалық шағымда анамның сабаққа тыңғылықты дайындалып, түрлі кітаптар, дидактикалық материалдарды ақтарып, әрбір ертеңгі күнді тың ізденістермен бастайтыны есімде. Аудандық, мектепішілік көлемде сыныптан тыс шараларды ұйымдастыруда алдына жан салмайтын. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі ерен еңбегі үшін облыстық, аудандық деңгейдегі Білім басқармасының, білім жетілдіру институттарының марапаттарына ие болған.
Өмір мені және менің әпкелерімді де мұғалімдік қызметпен байланыстырды. Себебі, ата-анамыз бізге жастайымыздан шәкірт тәрбиелеуге, мұғалімдік қызметке, отан сүйгіштікке деген махабатты ұялатты. Оның дәлелі, әпкем Лекерова Аяна Жұмағазықызы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін аяқтап, 13 жыл бойы аталмыш оқу орнында тарих магистрі ретінде тарих және философия кафедрасында қызмет атқарады. Сіңілім Лекерова Әйгерім Көкпекті ауданының Теректі орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жас маман.
Өзіме келсем, Лекерова Бақытгүл Жұмағазықызы 2003 жылы Семейдегі «Қайнар» университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі» мамандығы бойынша тәмамдадым. Бүгінгі таңда Астана қаласының №49 орта мектебінде директордың ғылыми-әдістемелік орынбасары ретінде қызмет атқарамын. 10 жылдық еңбек жолымды педагогикалық ізденіске арнасам да, қоғамды дамытушы, дамушы тұлға ретінде Елордамыздың, еліміздің өркендеуі жолында бар күш-жігерімді жұмсау мен үшін ұлы парыз.
«Ұстаз» ұғымы біздің отбасымыз үшін киелі сөз. Себебі, шәкіртке деген сүйіспеншілік, ұстаздық қызметке деген адалдық, үздіксіз шығаршылық ізденіс - Лекеровтар әулетінің басты ұстанымы. Мен Лекеровтар ұстаздық әулетін жалғастырып отырғанымды мақтан тұтамын. Өйткені, бұл біздің тегімізді байланыстыратын алтын көпір, отбасылық дәстүріміздің жалғасы болмақ.
Community discussions
Обсуждений не найдено