Ғалымдармен болған кездесу
«ЕҰҮ–мектеп» бағдарламасы аясында өткен «Функционалды сауаттылық – заман талабы» тақырыбындағы семинар ерекше әсерлі болды. Психология, бастауыш, өзін-өзі тану мұғалімдерінен құрылған кафедрада «Психологиялық ахуал – білім сапасын арттырушы фактор» тақырыбы талданып, әріптестер ғалымдардың ғылыми, психологиялық, әдістемелік ақыл-кеңесін алды. Дөңгелек үстел басындағы салиқалы сырласудың мақсаты педагогикалық ұжымда оқу-тәрбие үрдісін психологиялық тұрғыдан қамсындандыру болатын. Модератор Мара Жамбылқызының сөзінен соң, ЕҰУ-нің доценті Айкимбаева Гүлден Қанатовна тренинг жүргізді. Тренинг әр адамға ой салып, қанат бітірді. «Ыстық орындық» тренингінде мектеп директоры Зәуре Жақанқызына әртүрлі тақырыпта сұрақтар қойылды. Зәуре Жақанқызының берген шынайы жауабы кафедра мүшелерін қуантты. Кафедра отырысына директордың ғылыми, оқу, әдістемелік орынбасарлары Момынқұлова А.М., Абдикеримова Н.С., Ибраймова Қ.И., Кажуева А.Х. қатысты. Ғалымдар білім сферасын руханилық, ізгілік бағытында жаңартудың қажеттілігін айтты. Бастауыш сынып мұғалімдеріне өзгермелі өмірге дайын болуды, оқу-тәрбие қызметін жетілдіру үшін инновациялық формалар мен практикалық семинарлар жиі өткізуді ұсынды. Болашақта оқытудың сапасын жекелеген жұмыстар арқылы жоғарылату да ұсынылды. Шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдермен бірлесе ғылыми-практикалық конференциялар өткізу де жоспарланды. Дөңгелек үстел басында мектебіміздің өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Мәуленов Сәкен Сейітұлы айтқан ұсыныс көпшілік ойынан шықты. Отырыс барысында директордың ғылыми-әдістемелік орынбасары Алтын Момысқызы креативті пікір айтып, өз ойын білдірді. Бастауыш сынып бойынша директордың орынбасары Абдикеримова Нурхан Саветовна бастауыш сынып мұғалімдері жұмысындағы кездесетін кедергілер, оны шешудің жолдарын тілге тиек етіп, ұсыныстар жасады. ЕҰУ-нің доценті Гүлден Қанатовна мектеп психологы Азимбаева Жұлдызға оқушылармен тиімді жасауға арналған «Әдістемелік құрал» сыйға тартты. Кафедра мүшелері өткенге қарап ойланып, болашаққа қарап білек сабына бел бууды мақсат етті.
Жаңалықты мекеменің сайтында қарау