Көнілді күй сыйлаған мереке
Қылышын сүйреткен қыс кетіп, жер-дүние жіпсіп, бусанған уақытта көктем мезгілінің алғашқы жылы лебімен 8 наурыз мерекесі де жылжып келеді. Күллі әйел атаулының ерекше көңіл-күйде болып, жаны бір жадырап қалар шақ.
Қазақ халқымыз – әйелді, ананы құрметтеп, қадір тұтып келген халық. Әр жыл сайын осы айтулы мерекеде аналарымызды, әжелерімізді, апа-жеңгелерімізді құттықтау салты елімізде нықтап орын алған.
Осы орайда Астана қаласы әкімдігінің «Көпбейінді коллледжі» де аруларды құттықтауды бүгіннен бастап кетті. Дәл осы күннен бастап ұстаздар қауымы да, студент қыздар да ерекше көңіл-күйде жүрді.
Алғашқы мерекелік шара акт залында «Сыйынар ем ана деген тәңірге!» атты концерттік бағадарламадан бастау алды. Көңілді кешті жігіттер қауымы әдемі бимен бастап, залды бір шу еткізді. Жігіттердің өнеріне риза болған әйелдер қауымын колледж директорының орынбасары Сералимов Мұратбек Есжанұлы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Бұл айтулы күнді біздің елде «әйелдер күні», жапон елінде «аналар күні», француздарда «әжелер күні» деп атайтынын атап өтті. Аналарға, аруларға зор денсаулық тілей отырып, «осындай әдемі болып, гүлдей құлпырып жүре беріңіздер, еліміздің жақсы азаматшасы болыңыздар» деп жүрекжарды тілектерін білдірді.
Әрі қарай колледж студенті Хайтбаев Тимур аналарымызға әсем әннен шашу шашты. «Анашым» әнін тарту етіп, студент жігіттер ұстаздарды, аруларды биге шақырып, көңілдерін бір көтеріп тастады. Одан әрі Адалбекқызы Шаттық өзінің әуезді үнімен «Асыл әжем» әнін орындап, нәзік сезімге бөледі. Аяулы аналарымызға Дастанов Мәди «Анама» өлеңін сыйласа, Әбубәкір Сандуғаш «Мама» өлеңін арнады. Қоңыр дауысты Нұрғали Ернұр «Ханшайымым» әнімен қуанышқа бөледі. Осындай әдемі кешті Маржан, Шаттық, Карина атты сұлулар «Мерекем» аталатын әсерлі әнмен аяқтады.
Сөйтіп, колледждің белсенді студенттері көктемнің алғашқы айында жанды жылытар мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Жаңалықты мекеменің сайтында қарау
