Арманым - олимпиада чемпионы болу
22.12.2015 Дзюдо – күншығыс елінен шыққан спорт түрі. Оны XIX ғасырдың аяғында жапондық Дзигоро Кано ойлап тапқан. «Дзюдо» сөзін орыс тілінен аударғанда – «Мягкий путь» деген мағынаны білдіреді. Яғни ешқандай қарусыз айқасу. Мұндай спорт түрі біздің елімізде де кең етек жайды. Оған біздің жас спортшылырымыз дәлел. Солардың бірі мектебіміздің 9 «Ә» сынып оқушысы, спорт шеберіне үміткер Қапсаттар Мұхаммед-Аслан. Ол осы жылдың қараша айында Словения Республикасы, Малибор қаласында өткен халықаралық жарыста II орын алып, еліміздің абыройын асқақтатқан болатын. Байрақты бәсекеден жеңіспен оралған Мұхаммед-Асланнан алған сұхбатымызды ұсынамыз.

- Мұхаммед-Аслан бізге өзіңіз жайлы, отбасыңыз жайлы толығырақ айтып берсеңіз.
- Мен Астана қаласында туып-өстім. Дәл қазір Көктал-2 шағын ауданында тұрамын. Спорттың осы түріне келуіме алғаш әкем себепкер болған. Ол кісі Әзірет Сұлтан мешітінде имам. Жастайынан қолөнерге бейім болып, 15 жасында өз қолымен трактор құрастырып шыққан. Былтыр ғана қар көлігін (снегоход) жасады. Осы күнде де бос уақытында домбыра, қобыз, тұяқты аспаптар жасаумен айналысады. Ал анам ұстаздық қызметте. Ағам мен қарындасым бар. 10 жасымнан бастап дзюдо спортымен айналысып келемін. Негізі атам балуан болған, тәжіктермен күресіп, талайының жауырынын жер иіскеткен.
- Сіздің ең алғашқы жеңісіңіз?
- Алғаш рет 2010 жылы Астана біріншілігінде 39 кг салмақта III орын иелендім. Жалықпай жаттыққанымның арқасында 2012 жылы спорт шеберіне үміткер атандым.
- Жақында сіз Словения Республикасы, Малибор қаласында өткен халықаралық жарыста 55 келі салмақта II орын алдыңыз. Сол жайлы айтып өтсеңіз?
- Әрине, ол мен үшін үлкен жеңіс болды. Жеңісті қанжығаға байлау да оңайға түспеді. Өйткені әр елдің мықтылары сынға түскен болатын. Негізі дзюдо күресінде 3 түрлі жағдайда жеңіске жетуге болады. Біріншісі ЮКО – қарсыластың иығы боз кілемге тиюі, екіншісі ВАЗАРИ – бір жауырынымен жығылу, үшіншісі ИППОН – таза жеңіс, яғни екі жауырыны бірдей жерге тиюі. Мысырлық, Голландиялық, Словениялық балуандарды иппон, Молдава елінен келген дзюдошыны вазари дәрежесінде жеңдім. Бірақ соңында Грузин елінен келген тәжірибелі дзюдошымен шыққанымда сылбыр күресті деген ескертумен ұпай беріп алдым.
- Жалпы Қазақстаннан неше қатысушы барды?
- Біз 16 қатысушы бардық, 5 қыз және 11 ұл. Ұлттық құрамамыз жалпы есеп бойынша ІІІ орынға қол жеткізді.
- Қандай мықты адам болса да, оның артында ұстазы тұрады. Сіздің бапкеріңіз кім?
- Бапкерім Назаров Ағзам Садықұлы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. «Астана батыры» жеке меншік спорт кешенінің беделді бапкері. Ұстазымыз бізге тек дене шынықтыруды ғана емес, сонымен қатар рухани бай адам болуды да үйретеді. Мысалы, әр аптаның сәрсенбі күнінде міндетті түрде театрға барамыз.
- Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?
- Бос уақытымда патриоттық әндер тыңдаймын, кітаптар оқимын. Мысалы қазіргі таңда Дәулет Тұрлыхановтың спорттағы көрген-білгенімен бөліскен күнделігін оқып жүрмін. Жігерлендіретін кино қарағанды жақсы көремін. Қазақтың ұлттық тағамдарын сүйіп жеймін.
- Сіздің алдағы жоспарларыңыз қандай?
- Келесі айда өтетін Қазақстанның чемпионатында топ жару. Ал арманым – әлемдік деңгейдегі дзюдо жарысынан және олимпиададан алтын медаль алу.
- Берген сұхбатыңызға алғысымыз шексіз. Алда бағындыратын асуларыңыз көп болсын!
Сұхбаттасқан: Сәпиева Айғаным
Обсуждения сообщества
Обсуждений не найдено

