2017 жылдың 5-желтоқсан күні осы мектептің 2009 жылғы түлегі, қазақстандық футболшы, алматылық «Қайраттың» және Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Исламбек Қуат туған мектебінің шақыруын құп алып, мектеп ұжымымен кездесуге келді.
Бүгін Астана қаласындағы № 23 орта мектеп ұстаздары мен оқушыларының қуанышында шек жоқ! Себебі, осы мектептің 2009 жылғы түлегі, қазақстандық футболшы, алматылық «Қайраттың» және Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Исламбек Қуат туған мектебінің шақыруын құп алып, мектеп ұжымымен кездесуге келді. Бұл кездесу Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы идеяларын жүзеге асыру шеңберінде жоспарланып, мақалада айтылған қоғамды рухани жаңғыртудың басымдықты идеяларын оқушылар арасында кеңінен насихаттау мақсатында іске асырылды.Кездесу барысында Исламбек өзінің кәсіпқой мансабы туралы әңгімелеп, оқушыларды қызықтыратын сұрақтарға жауап берді. Бала кезінен спортқа жаны әуес Исламбек алғаш футболмен мектеп қабырғасында жүріп шұғылдана бастаған. Мектеп қабырғасындағы алғашқы жаттықтырушысы Тұржанов Мәулетбек Зәкиұлы сол кезде-ақ болашақ спортшыға көп үміт артқанын айтады. Алғашқы ұстазы Хафизова Кульфара Мухтабаровна, сынып жетекшісі Нүркеева Бақытжан Қайыржанқызы айтқан Исламбектің оқушы кездеріне қатысты қызықты әңгімелері, спортшының өзінің де мектеп өмірінен қызықты естеліктері осы кездесуге ерекше рең берді.
Қарапайым отбасында туып өскен Исламбек Қуаттың кәсіпқой спорттағы мансабында тілге тиек ететін жетістіктері өте көп. Ол 2011 жылы Қазақстанның үздік жас ойыншысы атағын алды. 2015 жылдың 3 қыркүйегінде Қазақстан құрамасының сапында Чехияға қарсы ойында дебютін жасады. 2015 жылы 10 қарашада Нидерланды құрамасының қақпасына алғашқы добын соқты. Келесі кездесуде Ригада 13 қазан күні Латвия құрамасына қарсы жалғыз гол соғып, қазақстандық команданың топтағы соңғы орыннан шығуына көмектесті.
Исламбектің ата-анасы – қарапайым адамдар. Інісі Тимур да біздің мектебімізде 7 жыл оқып, Астана қаласының спорт мектебінде оқуын жалғастырды. Бүгін ол да ағасы тәрізді бар өмірін спортқа арнауға бел буып отыр. Бүгінгі кездесуге ағасымен бірге келді.
Қазақстандық патриотизмді әр оқушының бойына өмірлік принциптері ретінде қалыптастыру бүгінгі күннің басты міндетіне айналуы керек. Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болып қалмауы тиіс. Бүгінгі ұрпақтарымыздың да жетіс¬тік¬теріне назар аударып, оларды кейінгі ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек. Міне, бұл іс-шараның көзделген нәтижесі көп күттірген жоқ: кездесуден ерекше әсер алған мектептің Спорт министрі, 10-сынып оқушысы Слисковский Влад: «5 жылдан соң мен де атақты спортшы болып, туған мектебіме кездесуге келемін, ұстаздарыммен бірге суретке түсемін»,-деді. Сыртқа шығарып айтпаса да, сол сәтте басқа балалардың да оттай жанған көздерінен, толқыған жүздерінен осыны оқуға болатын еді.
Кездесу соңында құрметті қонағымыздың құрметіне шағын концерт қойылды. Мектеп директоры мектеп атынан естелік сыйлық тарту етті. , Исламбек те мектепке құр қол келмегенін айтып, футболшы жейделерін сыйға тартты. Ұстаздар да, оқушылар да естелік суреттерге түсіп, футболшының қолтаңбасын алды. Содан соң Исламбек Қуат жас спортшылармен спорт залына барып, шебер-сынып өткізді. Кездесу өте жоғары деңгейде, әсерлі өтті.










Посмотреть новость на сайте учреждения